Астанада жасанды интеллектіні пайдалана отырып, үстел теннисі мен ұлттық ойындардың цифрлық форматтарын дамыту жоспарлануда. Жаңа шешімдер Қазақ ұлттық спорт университеті (ҚҰСУ) мен Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясының ынтымақтастығы аясында AI SPORT цифрлық платформасында әзірленеді.
Тиісті меморандумға AI & Digital Bridge 2026 алаңында ҚҰСУ ректоры Тұрсынзада Қуанғалиева мен Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясының президенті Ғабит Салтыбаев қол қойды.
Негізгі бағыттардың бірі – үстел теннисі. Компьютерлік көру технологиялары мен жасанды интеллект смартфон немесе планшеттің қарапайым камерасы арқылы спортшының қимылдарын тануға, тапсырмалардың орындалуын тіркеуге, жекелеген әрекеттерді санауға және нәтижелерді бақылауға мүмкіндік береді.
AI SPORT дегеніміз не?
AI SPORT – бұқаралық спортты дамытуға арналған, қазақстандықтар белсенді пайдаланып жүрген цифрлық платформа.
Платформаның басты ерекшелігі – жасанды интеллект пен компьютерлік көру технологияларын қолдану. Көптеген спорттық тапсырмаларды орындау үшін фитнес-білезік, датчик немесе арнайы жабдық қажет емес – смартфон камерасы жеткілікті.
Жасанды интеллект адамның қимылдарын танып, жаттығудың орындалуын талдайды және қайталанулар санын автоматты түрде есептейді. Ал жүгіру, жаяу жүру және велобелсенділік үшін GPS деректері пайдаланылады.
Платформада пайдаланушылар спорттық тапсырмаларды орындап, челлендждер мен жарыстарға қатыса алады, нәтижелерін тіркеп, көрсеткіштерін салыстырады. Мұндай формат адамның қай жерде жүргеніне қарамастан, оны дене белсенділігіне тартуға мүмкіндік береді.
Үстел теннисінен – ұлттық ойындарға дейін
Ынтымақтастық аясында платформаның мүмкіндіктерін одан әрі кеңейту жоспарлануда. Үстел теннисі бойынша цифрлық жаттығу тапсырмалары мен жарыстардың жаңа форматтары әзірленеді. Әдістемелер мен бағалау критерийлері ҚҰСУ-дың спорт саласындағы мамандарымен бірлесіп әзірленбек.
Жеке бағыттардың бірі – ұлттық спорт түрлері мен дәстүрлі ойындарды цифрландыру. Олардың қатарында асық ату, ләңгі тебу және садақ ату бар.
Әр спорт түріне сәйкес түрлі шешімдер қарастырылуда. Олар дәстүрлі құрал-жабдықтармен ойналатын нақты ойындарды цифрлық сүйемелдеуден бастап, қатысушының қимылдары смартфон немесе планшет камерасы арқылы танылатын виртуалды тапсырмаларға дейін қамтиды.
Алдағы уақытта бұл технологияларды бокс, баскетбол және теннис сияқты басқа да спорт түрлерінде дамыту жоспарлануда.
Бұл Астанаға не береді?
Елорда жаңа SportTech шешімдерін әзірлеу және сынақтан өткізу алаңдарының біріне айналуы мүмкін. Жобаларға ҚҰСУ-дың спортшылары, студенттері, оқытушылары мен зерттеушілері қатыса алады.
Ұлттық цифрлық және AI-спорт федерациясы – 2026 жылы Қазақстанда тіркелген жаңа спорттық бірлестік. Оның негізгі бағыттарының бірі – цифрлық спорт форматтарын дамыту және жасанды интеллектіні бұқаралық әрі кәсіби спортқа енгізу.
ҚҰСУ мен федерацияның ынтымақтастығы спорттық және ғылыми сараптаманы заманауи технологиялармен ұштастырады. Ал ұлттық ойындарды цифрландыру оларды балалар мен жастар арасында кеңінен насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін.

